«Астана Тазалық» қысқы маусым қорытындысын шығарып, қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларын таныстырды
«Астана Тазалық» ЖШС қысқы кезеңдегі ауқымды жұмыстарды қорытындылап, цифрлық трансформация бағытындағы нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары жарияланды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Кәсіпорынның мәліметінше, қысқы маусым басталғалы бері 2,2 млн текше метрден астам қар шығарылған. Күн сайын қала көшелерін тазалауға 600-ден астам арнайы техника мен 750-ден аса жол жұмысшысы жұмылдырылды. Бас директор Замир Сағиновтың айтуынша, қалыптасқан жұмыс жүйесі күрделі ауа райы жағдайында да көшелерді үздіксіз күтіп ұстауға мүмкіндік берді.
Өткен жылмен салыстырғанда арнайы техника паркі айтарлықтай жаңартылып, маршруттар саны артты, ал жаяу жүргіншілер аймақтарындағы жұмыстар күшейтілді. Қазіргі уақытта кәсіпорын көктемгі-жазғы кезеңге көшіп, суару-жуу машиналарын, вакуумдық техникалар мен арнайы жабдықтарды іске қосты. Жолдарды жуу, аялдамалар мен тротуарларды тазалау, қоқыс шығару жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл жұмыстарға күн сайын 600-ге жуық қызметкер қатысады.
Бүгінде «Астана Тазалықтың» тәжірибесі еліміздің өңірлерінде ғана емес, шетелдік әріптестер арасында да қызығушылық тудырып отыр.
Кәсіпорын енгізген негізгі жаңашылдықтардың бірі – электрондық жол парағы жүйесі. Ол арнайы техниканың қозғалысын, орындалған жұмыс көлемін және материалдардың шығынын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйе жүздеген техникаға енгізіліп, өз тиімділігін дәлелдеді. Атап айтқанда, жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарып, жанармай шығыны 10%-ға дейін азайды, сондай-ақ өндірістік үдерістердің ашықтығы артты.
Іс-шара барысында қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары да таныстырылды. Атап айтқанда, жеті қызметкерге екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның 50%-ын өтеуге арналған сертификаттар табысталды.
Бұған дейін де кәсіпорын әлеуметтік бағыттағы бірқатар жобаларды жүзеге асырған. Өткен жылы жол жұмысшыларына арналған тұрмыстық нысандар жаңартылып, заманауи демалыс бөлмелерімен жабдықталды. Жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылып, Есіл және Нұра аудандарында жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метр болатын 10 нысан жаңғыртылды.
Сонымен қатар қызметкерлерге арналған 17 пәтер және 80 орындық жатақхана пайдалануға берілді.