Мәслихат депутаттарына «Астана Тазалық» кәсіпорнының заманауи жұмысы таныстырылды
Астана қаласы мәслихатының депутаттары «Астана Тазалық» ЖШС-не барып, кәсіпорынның жұмысымен және заманауи технологияларымен танысты. Бүгінде кәсіпорын елорданың 167 көшесін, жалпы ұзындығы 268 шақырым аумақты тазалаумен қамтамасыз етеді — бұл қала жолдары мен тротуарларының шамамен 32%-ы. Штатта 1200-ден астам қызметкер, ал техника паркінде 400-ден астам бірлік бар.
Депутаттарға жасанды интеллект элементтері бар цифрлық бақылау жүйесі көрсетілді — ол арқылы мамандар техниканың қозғалысын онлайн қадағалап, орындалған жұмыстарды талдай алады. Сондай-ақ техника паркін жаңарту жоспарлары мен маусымдық жұмыстардың (қар тазалау, көшелерді күтіп ұстау) ұйымдастырылуы талқыланды.
Депутаттар кәсіпорынның техникалық базасымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтар қойды. Елорданың қарқынды дамуы қала тазалығына қойылатын талаптарды арттырып отырғаны және бұл жаңа тәсілдерді талап ететіні атап өтілді. Кездесу қорытындысында тараптар цифрландыру мен қала тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарының сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Астана Тазалық» ЖШС баспасөз қызметі