«Қарапайым жұмысшы болудан намыстанбау керек»: Астананың тазалығына 14 жылын арнаған Марал Күлпейісова
Елорда тұрғындарының басым бөлігі үшін таң жұмысқа, мектепке немесе күнделікті басқа да шаруаларға асығумен басталады. Ал тазалық қызметкерлерінің жұмыс күні одан әлдеқайда ерте басталады. Қала әлі ояна қоймаған кезде, олар көшелерге шығып, тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге кіріседі. Солардың бірі – «Астана Тазалық» ЖШС жол жұмысшысы, Сарыарқа ауданындағы санитарлық-тазалық бөлімінде 14 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Марал Күлпейісова.
Марал Күлпейісова «Астана Тазалық» компаниясына 2012 жылы жұмысқа орналасқан. Оған дейін «Астана Зеленстрой» мекемесінде еңбек еткен. Жаңа жұмыс орны оның бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ұзақ еңбек жолының бастауына айналды.
Оның жұмыс күні таңғы сағат алты шамасында басталады. Марал апай жұмысқа жаяу барады. Жолға шамамен 45–50 минут уақыт кетеді. Жұмыс орнына келген соң тиісті тіркеуден өтіп, электронды жүйе арқылы белгіленеді және аға шеберден өзіне бекітілген аумақ бойынша тапсырма алады.
Әр жол жұмысшысына нақты бір аумақ бекітіледі. Марал Күлпейісованың негізгі міндеті – қоқысты жинап, өзіне бекітілген аумақтың тазалығын сақтау.
«Ең алдымен сабыр мен мықты мінез керек. Қандай жағдай болмасын, сабыр сақтап, адамгершілікті жоғалтпау маңызды», – дейді ол.
Ашық аспан астында жұмыс істеу физикалық төзімділікті талап етеді. Жазда аптап ыстыққа, қыста қақаған аязға қарамастан, тіпті жаңбырлы күндері де қызметкерлер өз міндеттерін атқара береді.
«Әрине, қиын кездер болады. Әсіресе қыста қатты аязда, жаздың ыстығында немесе жаңбырлы күндері жұмыс істеу оңай емес. Бірақ жұмыс болған соң, оны атқару керек. Көшелер таза болуы қажет», – дейді Марал Күлпейісова.
Оның айтуынша, тұрғындардың алғысы – ерекше мотивация береді. Көшеден өтіп бара жатқан адамдар жұмысшылардың еңбегін байқап, ризашылығын білдірген кезде, бұл олардың жұмысына деген жігерін арттыра түседі.
«Адамдар еңбегімізді бағалап, алғыс айтса, қатты қуанамыз. Олардың ризашылығы бізге күш береді», – дейді ол.
«Әр еңбектің өз орны бар»
14 жылдық еңбек жолында Марал Күлпейісова төзімділік пен жауапкершілікті бойына сіңірген. Ол жастар қарапайым және жұмысшы мамандықтарын төмен бағаламауы керек деп есептейді.
Оның пікірінше, адал еңбекпен атқарылатын әр жұмыстың маңызы бар. Әсіресе қала тұрғындарының жайлылығы мен тазалығына үлес қосатын еңбектің орны бөлек.
«Жұмысшы болғаннан ұялуға немесе қарапайым еңбекпен айналысуды намыс көруге болмайды. Біз де қаламыздың дамуы мен тазалығына елеулі үлес қосып келеміз. Әр еңбектің өз орны бар. Ең бастысы – қиындыққа мойымай, алға ұмтылу», – дейді Марал апай.
Бұл қарапайым сөздердің артында елорда көшелерінде талай жыл бойы таңды қарсы алып, қала үшін маңызды жұмысты атқарып келе жатқан әйелдің өмір жолы жатыр.
Отбасы және өмір жолы
Марал Күлпейісова – сегіз немеренің әжесі. Екі үлкен баласы бүгінде алыста тұрып, өз отбасыларын құрған. Қазір ол кенже ұлымен бірге Астанада тұрады. Отбасымен жатақханада бөлме жалдап отыр.
2012 жылы Марал апай жолдасынан айырылған. Өміріндегі қиындықтарға қарамастан, ол еңбек етуін тоқтатпай, отбасын өз күшімен асырап, балаларына қолдау көрсетіп келеді.
Бүгінде оның өмірі де еңбекпен біте қайнасқан: ерте тұру, жұмысқа жаяу бару, өзіне бекітілген аумақтың тазалығын сақтау және күнделікті міндеттерін орындау. 14 жыл ішінде бұл тіршілік оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
Марал Күлпейісованың оқиғасы – елорданың таза көшелерінің артында күн сайын өз еңбегін адал атқарып жүрген қарапайым адамдар тұрғанының бір көрінісі. Олардың еңбегі әрдайым көзге түсе бермеуі мүмкін. Алайда дәл осы күнделікті маңдай тер қала тұрғындары үшін таза әрі жайлы ортаның қалыптасуына негіз болады.
Еңбек күні қарсаңында қаланың тазалығы мен жайлылығына өз еңбегімен үлес қосып жүрген жандардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.