«Астана Тазалық» тәжірибесі Бішкекте қолданылатын болады
«Астана Тазалық» ЖШС енгізіп жатқан цифрлық технологиялар елімізде ғана емес, шетелдік әріптестер арасында да үлкен қызығушылық тудырып отыр. Тәжірибе алмасу мақсатында елордаға Қырғыз Республикасының Бішкек қаласынан делегация келіп, кәсіпорынның жұмысымен және заманауи шешімдерімен танысты.
Ұсынылған негізгі жүйелердің бірі – электрондық жол парағы. Бұл арнайы техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін тиімді құрал. Жүйе арқылы техниканың қозғалыс бағыты, орындалған жұмыс көлемі және материалдар шығыны толық бақыланады.
«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, цифрландыру – кәсіпорын дамуының басты стратегиялық бағыттарының бірі.
«Қазіргі таңда цифрлық шешімдер тек бақылау құралы ғана емес, тиімді басқарудың негізіне айналды. Олар процестердің ашықтығын арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалануға және қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Бүгінде жүйе 393 арнайы техникаға енгізіліп, нақты нәтижелер көрсетіп отыр.
Есептілікті автоматтандыру:
· жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарды;
· медициналық тексеру кезінде адам факторы жойылып, техниканы желіге шығару қауіпсіздігі артты.
Жанар-жағармай шығынын бақылау:
· отын деңгейін бақылау датчиктері мен бос жүрісті есепке алу арқылы жыл сайын 10%-ға дейін үнемделеді;
· техниканы мақсатсыз пайдалану іс жүзінде жойылды.
Жұмыс тиімділігін арттыру:
· нақты уақыттағы деректердің арқасында басқарушылық шешім қабылдау 15%-ға жеделдеді;
· «өтінім – орындау – акт» тізбегінің ашықтығы еңбек тәртібін күшейтіп, даулы жағдайлардың санын азайтты.
Жобаға деген қызығушылық артып келеді. Бұған дейін жүйені Алматы қаласының коммуналдық қызмет өкілдері зерделеген. Қазіргі таңда оны енгізу жұмыстары басталып, жоба іске асырылу кезеңінде.
Сонымен қатар жолдарды күтіп-ұстауға жауапты «ҚажСервис» ЖШС бұл жүйені белсенді түрде енгізуде. Бастамаға облыстық және қалалық әкімдіктер, сондай-ақ елорданың коммуналдық кәсіпорындары тарапынан да жоғары қызығушылық байқалуда.
Қызметкерлердің қауіпсіздігі де басты назарда. Кәсіпорында «Med365» және «Adal Check» жүйелері қолданылып, күнделікті медициналық тексерулер онлайн режимде бақыланады.
Сондай-ақ арнайы техника жүргізушінің жағдайын бақылау жүйесімен жабдықталған. Камералар қауіпсіздік талаптарының сақталуын, маршруттан ауытқуды және шаршау белгілерін анықтап, ықтимал қауіптер туралы жедел ескерту жасайды.
«Астана Тазалық» ЖШС цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыра отырып, коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың заманауи әрі тиімді үлгісін қалыптастыруда.
«Астана Тазалық» ЖШС баспасөз қызметі