«Таза Қазақстан»: таза қала – мәдениетті қоғамның айнасы
«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев Shalqar радиосының тікелей эфирінде қаланың тазалығы, экологиялық мәдениет және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызы туралы сұхбат береді.
13 қазан күні сағат 11:30-да Shalqar радиосының «Бүгінгі сөз» бағдарламасында «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Альберт Есалиев «Таза қала – мәдениетті орта» тақырыбында сұхбат береді. Эфир барысында елорда тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар, тұрғындардың экологиялық мәдениеті және Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының маңызы сөз болады.
Тазалық – ортақ жауапкершілік«Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің, қоғамдық ұйымдардың және әрбір азаматтың бірлескен іс-қимылына байланысты.
Астана қаласында көшелер мен қоғамдық кеңістіктердің тазалығын қамтамасыз етуде «Астана Тазалық» кәсіпорны маңызды рөл атқарады. Кәсіпорын қызметкерлері күн сайын қаланың санитарлық жағдайын сақтау, көшелерді тазалау, жол жиектерін ретке келтіру және маусымдық жұмыстарды атқару бағытында еңбек етеді.
Қаланың тазалығы тек арнайы техниканың жұмысына немесе коммуналдық қызметтердің күш-жігеріне ғана байланысты емес. Қоғамдық орындарға қоқыс тастамау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға жеткізу, ортақ мүлікке ұқыпты қарау және тазалық сақтаушылардың еңбегін құрметтеу де экологиялық мәдениеттің маңызды көрсеткіштері болып саналады. Елорда көшелерінің таза әрі қолайлы болуының артында мыңдаған қызметкердің күнделікті еңбегі тұр. Жүргіншілер мен көлік қозғалысы басталғанға дейін де, қала тіршілігі қызған уақытта да тазалық мамандары өз міндеттерін орындап, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйін бақылауда ұстайды.
«Астана Тазалық» кәсіпорнының жұмысы жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отырады. Көктем мен жазда көшелерді тазалау, шаңды азайту және аумақтарды күтіп ұстау жұмыстары жүргізілсе, күзде түскен жапырақтарды жинау, ал қыс мезгілінде қар тазалау мен көктайғақтың алдын алу шаралары күшейтіледі. «Астана Тазалық» кәсіпорнының қызметі де осы ортақ мақсатпен сабақтас. Коммуналдық қызметкерлер қаланың тазалығын қамтамасыз етсе, тұрғындардың жауапты көзқарасы сол еңбектің нәтижесін ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.
Альберт Есалиевтің Shalqar радиосындағы сұхбатында елорда тазалығын сақтау жолындағы күнделікті жұмыстың ерекшеліктері, тұрғындар мен коммуналдық қызметтердің өзара жауапкершілігі және экологиялық мәдениетті дамыту мәселелері талқыланады.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау бағытындағы жұмыстардың маңызы арта түсуде. Бұл ретте әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі мен ортақ іске қатысуы ерекше мәнге ие.
«Астана Тазалық» ЖШС
БАҚ-пен жұмыс және қоғаммен байланыс департаменті
