«Астана Тазалық»: қысқы маусымға дайындық пысықталды
«Астана Тазалық» кәсіпорнында кезекті аппараттық кеңес өтіп, онда қысқы маусымға дайындық жұмыстары, арнайы техникалардың әзірлігі, еңбек тәртібі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері қаралды.
Жиында кәсіпорынның бас директоры Альберт Темірболатұлы Есалиев алдағы қысқы кезеңде қаланың тазалығын қамтамасыз ету үшін барлық бөлімнің жұмысы нақты үйлестірілуі қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, қысқы маусымдағы басты міндеттердің бірі – арнайы техникалардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Әрбір техниканың техникалық жағдайы жіті тексеріліп, қажетті жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, жүргізушілер мен жол жұмысшыларының жұмысқа дайындығы, ауысымдардың дұрыс ұйымдастырылуы және техникалардың бекітілген бағыттар бойынша тиімді пайдаланылуы маңызды.
«Қысқы кезеңде бізге артылатын жауапкершілік еселене түседі. Қар жауған сәттен бастап әрбір минут маңызды. Сондықтан техникалардың дайындығына, қызметкерлердің жұмыс тәртібіне және бөлімдер арасындағы үйлесімділікке ерекше мән беруіміз керек. Біздің ортақ міндетіміз – елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі таза қала ортасын қамтамасыз ету», – деді Альберт Темірболатұлы.
Аппараттық кеңестің келесі маңызды тақырыбы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу болды. Бұл бағытта қызметкерлерге қызметтік міндеттерді орындау кезінде заңдылықты сақтау, ашықтық пен адалдық қағидаттарын ұстану, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Кәсіпорын басшысы әр қызметкердің іс-әрекеті ұйымның беделі мен жұмысына тікелей әсер ететінін атап өтіп, кез келген заңсыз әрекетке төзбеушілік таныту керектігін жеткізді. Сондай-ақ қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру, ішкі бақылау тетіктерін күшейту және жұмыс барысында туындауы мүмкін тәуекелдерді алдын ала анықтау мәселелеріне назар аударылды.
Жиын соңында тиісті бөлім басшыларына қысқы маусымға дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау, техникалардың әзірлігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
«Астана Тазалық» ЖШС
БАҚ-пен жұмыс және қоғаммен байланыс департаменті