Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі

21 қаралым

«Астана Тазалық» бас директоры Альберт Есалиев тазалық мәдениеті мен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызы туралы пікір білдірді.

«Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі» атты дөңгелек үстелде тазалық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және қалдықтарды сұрыптау мәселелері талқыланды.

Жиынның негізгі мақсаты – тазалық пен тәртіптің қоғам өміріндегі маңызын ашып, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған жұмыстарды талқылау. Қатысушылар тазалықты сақтау, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау және әр азаматтың қоғамдық жауапкершілігін арттыру мәселелеріне назар аударды.

Дөңгелек үстелге қатысқан «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев қала тазалығын қамтамасыз етудегі еңбек пен тұрғындардың жауапкершілігі туралы ой бөлісті.

«Қаланың тазалығын қамтамасыз ету оңай іс емес. Дегенмен одан да маңызды міндет бар. Ол – адамдардың тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту», – деді кәсіпорын басшысы. Альберт Есалиевтің айтуынша, қала көшелерінің таза болуының артында күн сайын тынымсыз еңбек ететін мамандар тұр. Олар таң атпай жұмысқа кірісіп, кейде түн ортасына дейін еңбек етеді. Қыстың аязында да, жаздың аптабында да өз міндеттерін атқарады. Сондықтан тазалықты қамтамасыз ету мен оны сақтау қатар жүруі қажет. Кәсіпорын басшысы экологиялық мәдениетті жас ұрпақтан бастап қалыптастырудың маңызын да атап өтті. Осы мақсатта «Астана Тазалық» мектептермен бірлесіп, оқушыларға арналған ашық сабақтар өткізуді жоспарлап отыр. Сабақтар барысында балаларға тазалық қызметкерлерінің күнделікті жұмысы көрсетіліп, арнайы техниканың қызметі мен қалдықтарды жинау үдерісі таныстырылады. «Бала сол еңбекті өз көзімен көргенде ғана оның маңызын тереңірек түсінеді. Бүгін тазалық қызметкерінің жұмысымен танысқан оқушы ертең көшеге қоқыс тастамауға саналы түрде ұмтылуы мүмкін», – деп атап өтті Альберт Есалиев.

Сонымен қатар дөңгелек үстелде қалдықтарды сұрыптау мәдениетін дамыту мәселесі қозғалды. Бұл бағытта тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, сұрыптауға арналған контейнерлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды уақытылы босату және жиналған қалдықтарды тиісті бағытқа жеткізу маңызды.

Тазалық мәдениетін қалыптастыру жүйелі жұмысты, қоғамның ортақ жауапкершілігін және күнделікті әдеттердің өзгеруін талап етеді. Әр тұрғын қоғамдық ортаға ұқыптылықпен қарап, тазалықты сақтауға үлес қосқанда ғана елорданың көркі мен жайлылығын арттыруға болады.

«Астана Тазалық» ЖШС

БАҚ-пен жұмыс және қоғаммен байланыс департаменті

Ұқсас жаңалықтар