«Таза Қазақстан»: оқушыларға адал еңбек пен вандализмге қарсы мәдениеттің маңызы түсіндірілді
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген жауапкершілік, қоғамдық мәдениет және адал еңбек құндылықтары аясында Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесіп, Ш. Айманов атындағы №20 мектепте танымдық сынып сағаты өткізілді.
«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев жүргізген «Адал азамат - адал еңбек - адал табыс» тақырыбындағы кездесуге 5-6 сыныптардың 100-ден астам оқушысы қатысты. Кездесу барысында Альберт Есалиев оқушыларға адал еңбектің мәні, еңбек адамын құрметтеу және қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілік туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар елорданың тазалығын қамтамасыз ететін коммуналдық қызметкерлердің күнделікті жұмысы мысалға алынып, қала тазалығын сақтауда әрбір тұрғынның үлесі маңызды екені айтылды.
Сынып сағатының маңызды тақырыптарының бірі - вандализмге қарсы мәдениетті қалыптастыру болды. Оқушылармен қоғамдық орындарды бүлдіру, ғимараттардың қабырғаларына жазу жазу, қоқыс тастау және ортақ мүлікке ұқыпсыз қараудың салдары талқыланды. Қоғамдық мүлікті бүлдіру - баршаға ортақ кеңістікке деген құрметтің төмендеуін білдіретіні түсіндірілді.

Кездесу интерактивті форматта ұйымдастырылып, оқушылар сұрақтарға жауап беріп, өз пікірлерімен бөлісті. Еркін пікір алмасу барысында балалар тазалық, еңбек, тәртіп және азаматтық жауапкершілік туралы ойларын ортаға салды.
«Таза Қазақстан» идеясының негізі - таза қоршаған орта ғана емес, сонымен бірге таза сана, жауапты көзқарас және еңбекке деген құрмет. Осындай кездесулер жас ұрпақтың бойында осы құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған.
«Астана Тазалық» ЖШС
БАҚ-пен жұмыс және қоғаммен байланыс департаменті