«Астана Тазалық» Kaztraffic-2026 көрмесінде қысқы жол күтіп-ұстау саласындағы цифрлық технологияларды талқылады

Компания жаңалықтары 11 қаралым

Астанада өтіп жатқан XXII халықаралық Kaztraffic-2026 көрмесі аясында «Астана Тазалық» компаниясы Қытай делегациясымен кездесіп, қалалық санитария, арнайы техниканы басқару және қысқы жол күтіп-ұстау жұмыстарын цифрландыру мәселелерін талқылады.

18–20 қараша күндері Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында Kaztraffic-2026 халықаралық көрмесі өтті. Іс-шара жол инфрақұрылымын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және көлік саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуға арналған.

Көрме аясындағы халықаралық кездесулер бағдарламасына «Астана Тазалық» ЖШС де енгізілген. 19 қараша күні компания өкілдері Қытайдың Shanghai Tonglu Cloud технологиялық компаниясымен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында «Астана Тазалық» өкілдері компанияның қазіргі жұмыс жүйесі, арнайы техника паркі және қалалық санитария саласындағы қызметі туралы ақпарат ұсынады.

Өз кезегінде Shanghai Tonglu Cloud компаниясының өкілі қысқы жол күтіп-ұстау жұмыстарын цифрландыру және интеллектуалды инспекция жүйелерін енгізу бағытындағы технологиялық шешімдермен таныстырды. Мұндай тәжірибе қысқы маусымда арнайы техниканың қозғалысын бақылау, жұмыс барысын жедел бағалау және жолдарды күтіп-ұстау тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты.

Айта кетейік, «Астана Тазалық» өз қызметінде цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Қазіргі уақытта кәсіпорында электрондық борттық журналды енгізу, қойма есебін цифрландыру және жалға алынған арнайы техниканың жұмысын GPS арқылы бақылау бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Бүгінде қалалық тазалық жұмыстарын ұйымдастыруда цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Біздің басты мақсатымыз – арнайы техниканың жұмысын тиімді басқару, қызметкерлердің еңбегін нақты есепке алу және қала көшелерін күтіп-ұстау сапасын арттыру. Осы бағытта электрондық борттық журнал, қойма есебін цифрландыру және тартылған техниканы GPS арқылы бақылау жүйелерін енгізіп жатырмыз. Халықаралық тәжірибені зерделеу және шетелдік компаниялармен пікір алмасу бізге жаңа технологиялық шешімдерді қарастыруға мүмкіндік береді», – деді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Темірболатұлы Есалиев.

«Астана Тазалық» ЖШС

БАҚ-пен жұмыс және қоғаммен байланыс департаменті

Ұқсас жаңалықтар